Бейсенбі, 21.11.2024, 11:54
Қош келдіңіз Гость | RSS

М е н і ң  м е н ш і к т і   м е к е н і м

Есеп -қисап

Онлайн всего: 3
Гостей: 3
Пользователей: 0

Блог

Главная » 2022 » Қараша » 6 » "Қазақ тілі мен әдебиеті" журналы №7-8 2022 жыл
19:32
"Қазақ тілі мен әдебиеті" журналы №7-8 2022 жыл

Шынияз  жырлары замана  бейнесі

 

Тулеуова  Бибигул  Орынгалиевна

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог – зерттеуші

Жалпы білім беретін  Новобогат орта мектебі

Исатай ауданы  Атырау  облысы

Қазақ әдебиетінде   есімі  қалың көпшілікке мәлім емес, алайда  шығармалары өз заманының  сыры мен сипатын  дәл жеткізіп, халықтың мұң- мұқтажын  жырға қосқан  ақын-жыраулар бар. Солардың  бірегейі- Шынияз ақын.

Шынияз  Шанайұлы - ХІХ  ғасырда (шамамен 1819 жылы дүниеге келген) қазіргі  Атырау  облысы өңірінде өмір  сүрген   төкпе ақын.

Шынияздың шыққан  тегі  Кіші жүздегі Беріш Жайықтың Шұбар ұрпағынан. Ақынның әкесінің жайлауы - Нарынның күнгей бетіндегі Сарытөбе (қазіргі Атырау облысы, Исатай ауданы, Жанбай ауылы),қыстауы - Каспий жағасындағы Тотарал, Мошан, Капаш жерлері.

       Шынияз ақын – Исатай – Махамбет көтерілісіне бастан аяқ қатысушы,  ақын-жыршы. 1839 жылы Шыман (шын аты Шынғали) бидің алдауына түсіп, көтерісшілер «Бекетай» құмында қоршауда қалады. Жәңгір хан қайынатасы Қарауыл қожаның жасақшылары мен казак-орыс әскері екі жақтан қыспаққа алып, Исатай мен Махамбетті тұтқындаудың қамын көздейді. Сондай жан алысып, жан беріскен хиямет-қайым шақта, екі батыр тобы қоршауды бұзып шығады да, Шынияз, Есенғұл-Беріш Иса Төлегенов, Муса Тілесұлы бастаған 9 адам қолға түседі. Шыниязды Иркутскіге айдайды. Ебін тапқан Шынияз жолда қашып шығып, екі жылдан соң, аман-есен елге оралады. Орта жүздегі Сегіз серіні тауып, солардың тобына қосылады.

Патша әкімшілігінің отарлау  саясатына, ел әкім-қараларының әділетсіздігіне қарсы шыншылдықпен үн көтерген Шынияз қуғындалып, кіндік қаны тамған туған елден тәжік жеріне кетіп,  сол жақта өмірден өткен. Оған дәлел, Атырау облысының Қызылқоға ауданында Балабейіт деген жерде тұрған Жәлеке ақсақал:   «Шынияздың сүйегі тәжік жерінде қалған, ұрпақтары да сонда болуы керек» дегенді айтқан[1]. Шынияздан Қосан, Досан деген екі бала қалған.

          Ақынның  толғаулары ең алғаш рет  Атырау облысы Исатай ауданы  Тұщықұдық ауылының тұрғыны  молда Иманғалиұлы Дәрісқали (1895-1985)  аузынан  жергілікті өлкетанушы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мұрат Бектенұлы (1982 жылы үнтаспаға жазып алған) нұсқада   Исатай аудандық «Нарын таңы» газетінде (26.02.1992ж)  «Мақашқа айтқаны» деген тақырыппен берілген. М.Бектенұлы  жырдың   толық нұсқасын  2009 ж. жарық  көрген  «Қасиетіңнен  айналдым»  кітабында  түсіндірме  алғысөзімен  берген.

        1966 жылы шыққан Ә.Ғабдуллиннің «Шынияз: Тарихтың  шежіреші хабарымын» атты еңбегінде   бұл жырлар «Жаңа  низам», «Мақашқа  айтқаны», «Әлім  елінде болғанда айтқаны» деген атаулармен берілген.  Ал  Қ.Сыздықов, Ш.Керімов құрастырып,   1991 жылы басылған «Алқаласа әлеумет» атты жинақта   «Халінен баяндайтын заманыңның», «Әрі де бері толғайын», «Бойында Үштемірдің Әлім жүрген» деген атпен  жарыққа  шығып, ақын шығармалары  қалың оқырманға  жетті.

       Ақынның өмірінің соңғы ширегіндегі жырлары («Елге сәлем», «Зұлқанға айтқаны» т.б.)  Маңғыстау, Түркіменстан, Тәжікстан жерлерінде сақталған болуы әбден мүмкін.

Шынияз  Шанайұлы мұрасының ел аузындағы нұсқасы «Мақаш әкімге айтқаны» деген атпен бір ұзақ толғауға топтасқан күйінде жеткен. Мұндағы Мақаш дегеніміз  -  екі округті  қатар билеген, әділдігімен, білімдарлығымен, шешендігімен елге танылған, сол себепті де оны бүкіл халық аса құрмет тұтқан әкім Мақаш Бекмұхамбетов. Мақаштың  үлкен үміт күткен, өзімнің  жолымды қуады-ау деп сенім артқан баласы  Орынборда  оқып жатқанда қайтыс болады.

Атырау облысы Исатай ауданы Х.Ерғалиев ауылының тумасы, шежіре кеуде қарт марқұм  Жұмағали Айтбайұлы айтқан делінетін ел аузындағы әңгімелерде Шынияз ақын Мақашқа  көңіл айтпаққа    Нарын еліне аты мәлім адай Жантұрған бимен бірге барыпты. Жантұрған Мақашпен құрдас, базыналық етіп, бидің жанына батыра  сөз айтады екен.  Баласы дүниеден өтіп, жазасы адамнан, у бергеннен болды деген ауыр қазадан басын көтере алмай жатқан  Мақашқа Жантұрған:

-Әй, Мақаш, басыңды көтер, құдай қаласа, қайыры болады. Пазылжанды оқытамын, Әміржандай білім-нысап беремін, қолыңдағы ісіңді өзің жасың жеткенде оған бергіземін, бағың басыңда болады, халқың қасыңда болады, «Ақкөке» деген атағың бар, сол абырой-атағыңмен о дүниеге аттандырамын. Енді қайырын бермеймін десем, басындағы бағыңды аламын, қолыңдағы ісіңді аламын, үш ай тоқсанда теріскейден ызғырық болып соғамын, қораңдағы малыңды аламын, өсекке таңамын, қасыңнан халқыңды қашырамын, аузыңдағы тісіңді аламын, алдыңдағы асыңды бір балаға алып бергіземін, онымен қоймай құрт ауру жасаймын, шөп күркеге  апарып тастаймын, қатын-балаңды жеріндіремін, қасыңа жан жоламайтын етемін, - дегенде Мақаш: «Қайттым ! Қайттым,тәубе!  Қайттым тәубе! - деп басын көтерген екен. Сонда Шынияз  ақын Мақашқа арнап «... Әрі де бері толғайын...» деп басталатын көлемді толғауын жырлапты. 

      Толғаудың  «Жаңа низам», «Жебесі шын болаттан  садағымның» деп аталып жүрген бөлігі  қазақ даласына аласапыран әкелген, жұртшылық «Жаңа низам» деп атаған 1868 жылғы реформаның қалың елді әбден титықтатып, ұзақ уақытқа созылған зорлық-зомбылыққа ұшыратқан кезінде шығарылған болса керек. «Жаңа низам» тұсындағы билік жүйесіндегі өзгерістер мен жерді пайдалану барысындағы жаңа тәртіптер халыққа өте жайсыз тиді. Халықтың санасында отаршылдық жүйе орнықтырған қолайсыз заманның кеспірсіз адамының бет-бейнесі қалыптасты. «Жаңа низам» деген сөз сол дәуірде ғұмыр кешкен үлкен-кішінің аузынан түспейтін ұғымға айналды. 1868 жылғы реформа тақырыбы қазақ әдебиетіндегі тұтас бір буынның қарсылық поэзиясының нысанасы болғандығын  Шынияздың  толғауы да дәлелдей түседі.

       «Әлім  елінде болғанда айтқаны»,   «Бойында Үштемірдің Әлім жүрген»  деген атаулармен беріліп жүрген  толғаудың шығуы Шынияздың Исатай- Махамбет бастаған көтеріліске қатысушылардың  бірі  ретінде қуғын көріп, елден кетіп, қазіргі Ақтөбе өңірінде болған кезінде жазылса керек.

          Шынияздың елден  біржола  кетерде туыс  інісі  Зұлханға  арнап шығарған «Әкеңді Сібір айдап қоя берген, Зұлханжан  бізден қалмай ергенің жөн»  деген жолдары бар өлеңі  ел аузында жүріп ұмытылған. Жалпы  мазмұны  «Орыс патшасынан  жақсылық күтпе, мен туа біткелі  ондай  жақсылық болды  дегенді  естімедім. Мен де өз еркіммен кетіп бара жатқан жоқпын, туған жерді  қайта айналып  көремін демеймін»  дегенге  саятын өлең  ауызекі  әңгіме түрінде  туыстары арасында сақталған.

          «Асан Қайғы боп жырласам»  деген  жыры  әйгілі «Мақашқа айтқаны» деген  толғауға біріктіріліп беріліп жүр. Соған қарағанда бұл толғау да сол кезеңде жырланған деуге болады. 

«Елге  сәлем» деген   ұмытылған  толғауын  1916 жылы  елге келген ақынның  ұлдары  Досан мен Қосан  таңға жатқа жырлаған. Алайда  ауызша жырланған  толғауды  хатқа түсіретін немесе  жаттап алатын жан болмағандықтан  бүгінге күнге жетпеген. Алдағы уақытта ақынның сүйегі қалған тәжік еліндегі  қандастарымыздан табылып қалар деген  үмітіміз бар.  

Шынияз -әлеуметшіл ақын. Ол заман сынын, мезгіл, дәуір болжамын, өзі куә болған тарихи оқиғалардың мазмұнын, елге тигізген пайда, залалын  сөз қылады.     

XVIII ғасырдың алғашқы он жылдығынан бастап қазақ халқы зор ауыртпалықты бастан кешті.  Жоңғар қалмақтары шығыстан,  Еділ қалмақтары, Жайық бойына табан тепкен казак орыстар, башқұрттар жан-жақтан қыспаққа алды.   1868 жылы Орынбор, Батыс Сібір генерал губернаторлығының  дала уалаятын басқару жайлы жаңа ережесі бекітіледі. Алайда жаңа «штат» (уақытша ережені осылай атаған) туралы неше саққа жүгіртіп айтқан хабарлар елдің берекетін алып үрейлендірген, халықтың наразылығын туғызған. Әсіресе ішкі Бөкейлікте толқу аса күшті болған.  Бұл жайды ақын:

Болғанда біздер Алшын кіші жүзбіз,

Сөйлесем айтқан сөзге түсінерсіз,

Нарындай мекен еткен қонысты алса

Кенедей бірден екі кішірерміз...  деп жүздерге, одан   руларға  бөлінісіп, «кенедей  бірден екі кішірейіп» уақталдық, күш-қайрат  кетті деп ашынады, бірде «кетсе де қолдан қайрат тіліміз бар» деп аруақтана жырлайды.

     Ақырса бір бестаубай тырп етпейміз,
Күніндей жетімдердің күніміз бар,
Желкеден жетіп дұшпан қысылғанда
Паналар енді барып кіміміз бар...

          Ақын Ақтабан аттың ізі жосылған Нарынның ахуалын, ел жүрегіне түскен қанды жарақаттың ашуы басылмаған кезеңді осылай бейнелейді. Қазақтар табиғи байлықтарды пайдалану мүмкіндігінен айрылған; жер, тоғай, өзендер хан мен сұлтанның айналасының, орыс əскерлері мен генерал-губернаторларының қарамағында. Патшаның жаңа реформасы халыққа үлкен ауыртпалық əкелді.

    Жігіттер, ойлап қара немен тындық,

...Алшаңдап арыз айтар халің бар ма,

Біз қазақ жетім ұлдай болған мұңдық,

...Отырмын штатпенен қарсы келіп,

Аяғым тайып кетсе басым кетіп-  деген жыр жолдары басқарудың жаңа тəртібінен ел күткен əділеттілікке  қол жетпегенін, оның халық мүддесіне кереғар екенін баяндайды.Ақын күйініп: «Не болар қара халық хан кеткен соң, не болар сасық кеуде жан кеткен соң»,-дейді. «Қорқамын бұл заманнан ішім тартып, келіссіз үлкен мизам бола ма деп»  қауіп айтады.

Діни хиссаларды, шариғат жолын жетік білетін Шынияз  ақын Ресей патшалығы отаршылық саясатының сөзін сөйлейтін діндар адамдардың, мейлі ол ақын, не мүфти болсын,насихатына ұйып иланбайды, оны ақиқат дінінің сөзі деп санамайды.

      Бұл күнде заман жаман,адам жебір,

Жаманмен жолдас болсаң басың кемір,

Көргенде жамандықты суыйды екен,

Балқыған қорғасындай қайран көңіл...

Ақын осылай тебіренді. Дін жолын ұстанды,құдай жолына  бар ниетімен берілді деген молдалардың өзі отаршылықтың сойылын соғып,пендешіліктен аса алмай,тарысы бардың тауығы болып жүрсе заманның адамы азбай қайтеді?   

Патша үкіметінің құрығының ұзын, қолының жетпес жері жоқ екенін, қазақтың қақпай көрген батырларының паналар жері қалмағанын  айтқан ақын

...Алыс жер Үргеніш пен Бұқарды алды,

Күн көріп жүруші еді бұдан қашқан,

Туысқан, туғаныңды сағынарсың,

Бөлініп шетке кетсең қарындастан – деп мұңданады.

 ...Заманым жылдан жылға ылдиланды...

 ...Қорлықта ендігі жас қалады-ау деп,

 Бажайлап келер күннің келбетін мен,

 Әлеумет, қайғыланып айттым мұны.

          Шынияз Шанайұлының  алыс тарихты ақтара қозғап тебірене сыр шерткен, бірде аруақтана адуындап, бірде наздана, мұңдана баяулап, бірде шамырқана өрши, бірде жайдарылана шалқи ағындаған  жырлары осылайша  сабырлап келіп аяқталады.

Өзі өмір сүрген  кезеңнің  ақиқатын сөзбен өрнектеп, халық жадында қалуына мол үлес қосқан    Шынияз  шығармаларының қазақ әдебиетінде алатын орны ерекше. Әсіресе, ақын шығармалары – жергілікті мектеп оқушыларын оқытып, тәрбиелеуде қолданатын баға жетпес құрал.  Ақындығымен қатар ұстаздықты мұрат еткен қазақтың біртуар ұлы Мағжан Жұмабаевтың: «...берік денелі, түзу ойлайтын, дәл пішетін, дәл табатын ақылды болса, сұлу сөз, сиқырлы үн, әдемі түрден ләззат алып, жаны толқынданарлық болса, баланың дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы» деген  қағиданың жүзеге асуына Шынияз жырларының да қосар үлесі мол.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Ғабдуллин. Ә. Шынияз, Атырау, АО ”Алмаз  Инжиринг" 1996 ж.

2. Бектенов М. «Қасиетіңнен  айналдым», Алматы, «ҚазАқпарат» 2009.

 

 

Просмотров: 188 | Добавил: Бибигул | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
idth="100%" cellspacing="1" cellpadding="2" class="commTable">
Имя *:
Email:
Код *:
Кіру тетігі
Іздеу
Күнтізбе
«  Қараша 2022  »
ДснСйсСрсБсбЖ.СбУра!
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930
Жазбалар мұрағаты
Менің достарым

Copyright MyCorp © 2024